Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін кеңейтетін заң қабылданды. 2026 жылдан бастап дағдарыстық және шұғыл әл-ауқат деңгейіндегі (Д және Е санаттары) шамамен 1 миллион азамат МӘМС есебінен жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алады.
Бұл көмек жергілікті бюджеттер есебінен көрсетіледі. Яғни, азамат медициналық көмекке жүгінген кезде, оның МӘМС жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл дегеніміз, ҚР халқының тағы 5%-ы, яғни ең осал топтар, медициналық көмекпен қорғалады.
Бұл нені білдіреді?
Д және Е санатындағы азаматтар:
– жоспарлы медициналық көмек ала алады;
– МӘМС пакетінің барлық мүмкіндіктеріне қол жеткізеді.
Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жарналарды төлейді:
– медициналық көмекке жүгінген әлеуметтік осал азаматтар үшін;
– ресми тіркелген жұмыссыздар үшін.
Қазіргі таңда МӘМС жүйесінде 16,9 млн адам (82,6%) қамтылған, оның 11,9 миллионы (59,5%) — жеңілдікті санаттағы азаматтар, олардың жарналарын мемлекет төлейді.
Алайда, 3,4 млн адам жүйеден тыс қалып отыр. Оның ішінде:
– 2,4 млн — еңбекке қабілетті, табысы қанағаттанарлық азаматтар,
– 1 млн — әлеуметтік осал топтағы азаматтар, енді олар МӘМС шеңберінде қорғалады.
МӘМС-ке ерікті түрде қатысу қанша тұрады?
Жеңілдікті санатқа кірмейтін еңбекке қабілетті азаматтар үшін:
Айына 4250 теңге
немесе
Жылына 51 000 теңге
Бұл сома МӘМС шеңберінде толық медициналық көмекті алуға мүмкіндік береді.
2027 жылдан бастап Қазақстан сақтандырудың толыққанды моделіне көшуді жоспарлап отыр. Бұл модельде мемлекет, жұмыс беруші және азамат тең дәрежеде жауапкершілік алады.
Бұл өзгерістер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте бекітілген ортақ жауапкершілік қағидатын іске асырып, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан әр азаматқа әділетті қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
«Енді ең осал азаматтар медициналық көмекті еш кедергісіз ала алады».







