Орталықта Әлібек Ернардың жетекшілігімен медициналық қауіпсіздік кодтары және базалық жүрек-өкпе реанимациясы (Basic Life Support, BLS) тақырыптары бойынша оқыту өткізілді.
Оқыту барысында қызметкерлер төтенше және шұғыл жағдайларда жедел әрекет ету үшін қолданылатын медициналық кодтар жүйесімен танысты. Ерекше назар «Көк код» (Code Blue) алгоритміне аударылды. Бұл жүйе пациенттің өміріне қауіп төндіретін жағдайлар туындағанда медициналық қызметкерлерді жедел хабардар етуге және олардың үйлесімді әрекет етуіне бағытталған. Қатысушылар кодты іске қосу тәртібін, қызметкерлердің іс-әрекет алгоритмін және командалық жұмыстың негізгі қағидаларын меңгерді.
Сонымен қатар, оқыту аясында базалық жүрек-өкпе реанимациясының (BLS) негізгі қағидалары қарастырылып, алғашқы көмек көрсету бойынша практикалық дағдылар пысықталды. Осындай оқыту іс-шаралары қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және төтенше жағдайларда уақтылы әрі тиімді әрекет етуге дайындығын күшейтуге ықпал етеді.







