2025 жылғы 28 қарашада Семей қаласында «Шәкәрім университеті» КеАҚ базасында «Инклюзия: тең мүмкіндіктер кеңістігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өтті. Іс-шараға Абай облысы білім басқармасының өкілдері, білім беру ұйымдарының мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласының отандық және шетелдік сарапшылары қатысты.
Форум аясында инклюзивті білім берудің заманауи даму бағыттары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау тетіктері, білім беру процесін дербестендірудің ғылыми-әдіснамалық қырлары және инклюзивті практикаларды енгізудің тиімді модельдері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар педагогикалық инновациялар, цифрлық технологияларды қолдану, оқу процесіндегі бейімдеу және кәсіби қоғамдастық арасындағы тәжірибе алмасу мәселелері бойынша ғылыми пікірталас жүргізді.
Форум жұмысына «Тоқтамыс» орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алимбаева Алия Рахметоллиновна спикер ретінде шақырылып, инклюзивті білім беру саласына қатысты өзекті тақырыпта мазмұнды әрі құнды баяндама жасады. Оның баяндамасы форум қатысушылары тарапынан жоғары бағаланып, инклюзивті педагогикадағы заманауи ғылыми-тәжірибелік бағыттарды дамытуға зор үлес қосты.
Форумға белсенді қатысқаны және инклюзивті білім беру мәселелерін дамытуға қосқан кәсіби үлесі үшін
Алимбаева Алия Рахметоллиновна ресми түрде Қатысу сертификаты және Алғыс хатпен марапатталды.
Аталған құжаттар «Шәкәрім университеті» КеАҚ және Абай облысы білім беру ұйымдары тарапынан расталып, педагогтің инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми-практикалық құзыреттілігін айғақтайды.
«Тоқтамыс» орталығының ұжымы тек тәжірибелік қызметпен шектелмей, ғылыми салада да табысты дамып келеді. Теория, практика және ғылымды үйлестіре отырып, орталық инклюзивті білім мен реабилитация бағытында жаңа сапалық деңгей қалыптастырып келе жатқан ерекше ұйым болып табылады.







