2025 жылғы 26–27 қазанда Астана қаласында «Реабилитология мен курортологияның басым бағыттары» тақырыбында XII Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция (халықаралық қатысумен) өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Реабилитологтар мен курортологтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК ұйымдастырды.
Конференция жетекші мамандарды, тәжірибелі дәрігерлерді және жас ғалымдарды біріктіріп, медициналық реабилитация мен курортология саласындағы тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелерді талқылауға кең алаң ұсынды. Пленарлық және секциялық отырыстар аясында реабилитациялық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, инновациялық технологияларды енгізу және саланы одан әрі дамыту перспективалары қарастырылды.
Конференция жұмысына басқа қатысушылармен қатар біздің орталықтың дәрігер-реабилитологы Алибек Е.Н. де қатысты. Ол өз баяндамасында инновациялық техникалық реабилитациялық құралдарды қолданудың клиникалық жағдайын ұсынып, әріптестер арасында қызығушылық пен қызу талқылау тудырды. Конференция қорытындысы бойынша Алибек Е.Н. «Үздік спикер» құрметті номинациясымен марапатталып, оның жоғары кәсіби даярлығы мен ұсынған материалының сапасы мойындалды.
Мұндай іс-шаралар мамандардың кәсіби өсуіне, ғылыми әлеуеттің дамуына және реабилитология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Конференция ғылым мен практиканы ұштастырудың Қазақстандағы реабилитациялық көмекті жетілдірудегі маңыздылығын тағы да айқындады.







