2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер жүйенің қаржылық тұрақтылығын және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Атап айтқанда, жарналар есептелетін табыстың жоғарғы шегі ұлғаяды: қызметкерлер үшін — 10 ЕТЖ-ден 20 ЕТЖ-ге дейін, жұмыс берушілер үшін — 15 ЕТЖ-ден 40 ЕТЖ-ге дейін. 2026 жылға болжанған ЕТЖ мөлшерін есепке алғанда: қызметкерлер үшін — айына 1,7 млн теңгеге дейін, жұмыс берушілер үшін — айына 3,4 млн теңгеге дейін. Бұл ретте жарна мөлшерлемелері өзгермейді: қызметкерлер үшін — табыстың 2%-ы, жұмыс берушілер үшін — 3%-ы.
Бұл шара табысы жоғары азаматтардың жарна төлеу жүктемесін әділ етуге және МӘМС жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде жоғары табысы бар тұлғалар өз табысына пропорционалды түрде аз төлейді.
Болжам бойынша, өзгерістер барлық қызметкерлердің тек 9%-ына әсер етеді. Қалған 91% үшін бұрынғы шарттар сақталады. 2026 жылы МӘМС жүйесіне қосымша 200 млрд теңге көлемінде қаржы түсуі күтілуде.
Сонымен қатар, 2027 жылдан бастап мемлекет халықтың жеңілдетілген санаттары үшін төлейтін жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттырады: қазіргі 2%-дан 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін. Бұл ұзақ мерзімді қаржыландыру тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қызметкерлер мен жұмыс берушілерге қосымша жүктеме арттырмауға мүмкіндік береді. Реформаның басты мақсаты – еліміздегі барлық азаматтарға, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету.







