«Тоқтамыс» балаларды оңалту орталығында өз ісіне адал, кәсіби мамандар көп еңбек етеді. Бүгін сіздерді солардың бірі — ЭЭГ кабинетінің мейіргері Рақымбек Амина Даниярқызымен таныстырғымыз келеді.
Амина 2023 жылы «Авиценна» медицина колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша аяқтаған. Өз еңбек жолын шұғыл медициналық жәрдем станциясында диспетчер болып бастаған — бұл адамның тағдыры шешілетін, әр секунд маңызды саналатын, нағыз медициналық мінез қалыптасатын орта.
«Тоқтамыс» орталығында Амина бір жыл үш айдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол өзіне жауапты, мұқият әрі жанашыр маман ретінде жақсы қырынан танылды. Ата-аналар оған балалардың ең қымбат байлығы — денсаулығын сеніп тапсырады, ал әріптестері оның ашық мінезін, кәсібилігін және кез келген сәтте көмек көрсетуге әзір тұратын қасиетін жоғары бағалайды.
Амина жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отырады. 2025 жылдың маусым айында ол Семей медицина университеті базасында өткен «Зат алмасу синдромының заманауи аспектілері: қант диабеті және артериялық гипертензия» тақырыбындағы семинарға қатысып, медицинаның өзекті мәселелеріне терең үңіліп, алған білімін тәжірибесінде қолдана бастады.







