Астанада «Балалар реабилитациясындағы инновациялық тәсілдер. Технологиядан нәтижеге» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шараға балаларды оңалтудың, медицинаның, педагогиканың және әлеуметтік ғылымдардың жетекші мамандары қатысты. Қазақстанның әр аймағынан және шетелден келген қатысушылар дамуында түрлі бұзылыстары бар балалардың денсаулығын қалпына келтірудің өзекті әдістері мен заманауи тәсілдерін талқылады.
«Тоқтамыс» Орталығы үшін осындай маңызды іс-шараға қатысу — тек тәжірибе алмасу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар ұжымымыздың кәсіби деңгейінің жоғары екендігін дәлелдеу болды. Әсіресе, Орталығымыздың ЕДШ-нұсқаушысы Амангелді Айболсынның жетістігін ерекше мақтанышпен атап өтеміз. Ол Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында өткен байқауда балалармен жүргізілетін физикалық терапияда тиімді әдістерді енгізіп, реабилитациялық медицинаның дамуына қосқан үлесі үшін «Алтын Шипагер» үздік белгісімен марапатталып, Қазақстанның ең үздік ЕДШ -нұсқаушысы деп танылды.
«Тоқтамыс» Орталығының ұжымы Амангелді Айболсынды лайықты марапатымен шын жүректен құттықтайды! Оның өз ісіне деген адалдығы, әрбір балаға деген жанашырлығы және кәсіби дамуға ұмтылысы — баршамызға үлгі болып келеді. Конференцияға қатысу және мамандарымыздың еңбегінің мойындалуы Орталығымыздың одан әрі дамуына және озық тәжірибелерді енгізуіне зор серпін беретініне сенімдіміз.